Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынас нығайып жатыр
Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоған арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи шешімдер қабылданды. Мемлекеттік сапар аясында қос ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысына қатысты, бизнес форум жұмысына қолдау білдірді және бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Түркия Президентіне ерекше ілтипат білдіріп, қазақ-түрік қатынастарының мәні мен маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– «Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Бұл – шын мәнінде тарихи оқиға. Екі ел арасында тек достық, бауырластық және мәңгілік серіктестік қарым-қатынасы қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ», – деді.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған көрсетілген жоғары құрмет үшін ризашылығын білдіріп:
– «Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін», – деді.
Келіссөздердің басты қорытындысы ретінде екі ел басшылары Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияға қол қойды. Бұл құжат қазақ-түрік қатынастарын жаңа сапалық деңгейге көтеретін тарихи құжат ретінде бағаланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел ғана емес, маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктес болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– «Тамыры терең байланыстарымыз қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтып келеді. Түркия – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі және ірі инвесторларымыздың қатарында», – деді.
Қазіргі таңда Түркиядан Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы шамамен 2,5 миллиард долларды құрады. Елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард АҚШ долларынан асты. Тараптар алдағы жылдары бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға жеткізу жөніндегі ортақ мақсаттарын растады.
Режеп Тайип Ердоған:
– «Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді тағы да қуаттадық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз», – деп атап өтті.
Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтады. Қазақстан Түркияға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– «Түркияның заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдану тәжірибесі біз үшін өте маңызды», – деді.
Көлік-логистика саласы да стратегиялық бағыт ретінде белгіленді. Қос тарап Транскаспий халықаралық көлік дәлізі немесе Орта дәліздің әлеуетін бірлесіп дамытуға уағдаласты. Қазақстан түрік компанияларын Ақтау порты мен Құрық порты арқылы жүк тасымалын ұлғайту жобаларына белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар TAV Airports Holding компаниясының Алматы халықаралық әуежайы негізінде Орталық Азиядағы ірі логистикалық хаб құру бастамасына Қазақстан жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Энергетика және мұнай-газ саласында Türkiye Petrolleri Anonim Ortaklığı мен ҚазМұнайГаз арасында мұнай сервисі қызметтері мен мұнай-газ жобаларын бірлесіп іске асыру жөніндегі құжаттарға қол қойылды.
Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағытында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі жобалар таныстырылды. Олардың қатарында:
Tiryaki Agro – Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдеу зауыты;
Alarko Holding – жылыжай кешені;
Orzax Group – Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндірісі;
S Sistem Lojistik – Ақтөбе әуежайы аумағындағы логистика орталығы;
İskefe Holding – Алматыда желатин өндіру;
Miryıldız – Абай облысындағы кен байыту комбинаты.
Аталған жаңа жобалар аясында Қазақстанға 920 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылып, 3100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда түрік компанияларының қатысуымен құны шамамен 4 миллиард доллар болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылған. Бұдан бөлек, тағы 4 миллиард долларды құрайтын 50 жаңа жоба пысықталуда.
Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар да нығая түсті. Қазақстанның бастамасымен Газиантеп провинциясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Астана мен Алматыда Türkiye Maarif Foundation мектептерін ашу жөнінде меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда 14 мыңға жуық қазақстандық Түркияда білім алса, 260-қа жуық түрік студенті Қазақстан жоғары оқу орындарында оқып жүр.
Шымкент қаласындағы педагогикалық университет жанынан Gazi University филиалы ашылды. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда өз филиалын ашуды жоспарлап отыр.
Денсаулық сақтау саласында Abdi İbrahim және Nobel İlaç компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосты. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.
Мемлекеттік сапар барысында мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 12 негізгі құжатпен алмасу рәсімі өтті. Олардың ішінде құқықтық көмек туралы хаттама, мәдени орталықтарды құру туралы келісім, инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім, TAV Holding-пен инвестициялық келісім, «Маариф» мектептерін ашу меморандумы, телерадио саласындағы ынтымақтастық туралы құжат, аурухана құрылысына қатысты келісім, АХҚО мен Ыстанбұл қаржы орталығы арасындағы меморандум, сондай-ақ «АНКА» ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім бар.
Сонымен қатар KazAID мен TIKA арасында және Astana International Exchange мен Borsa Istanbul арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады. Бұл орденнің тұңғыш иегері Түркия Президенті болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– «Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды», – деді.
Режеп Тайип Ердоған:
– «Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз», – деп мәлімдеді.
Осылайша, Астанада өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан мен Түркия арасындағы мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жаңа белеске көтерді. Қол қойылған тарихи декларация, миллиардтаған долларлық инвестициялық жобалар, ондаған келісімдер мен меморандумдар, сондай-ақ саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы уағдаластықтар екі бауырлас елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, ортақ дамуға тың серпін береді.
