ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Халқы тығыз Түркістан облысында Референдумға қатысу ынтасы жоғары жұрт көп болып жатыр. Аймақтағы барлық сайлау учаскелерінде мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасауда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да орналасқан №133 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл учаскеде 18-ге енді толған жастардан бастап, зейнеткерлер де Референдумға белсене қатысуда.
Өңірде референдум учаскелерінің саны – 948 (оның ішінде жабық учаскелер саны – 26). Жалпы 2 млн 154 мыңнан астам тұрғынның 1 187 257 адамы дауыс беру құқына ие. Бұл өңір халқының 55,4 пайызына тең.
Референдумға облыс бойынша жалпы саны 6380 комиссия мүшесі тартылған. Оның ішінде 1 – облыстық (7 мүше), 17 аумақтық (119 мүше) және 948 учаскелік референдум комиссиялары (6 254 мүше) бар. Комиссия мүшелерінің 97 %-ының референдум және түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибе жинақтаған. Сонымен бірге бақылаушылар да референдум барысын тұрақты қадағалауда.
Референдум учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен, материалдық – техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілген,
16601 ерекше қажеттілігі бар дауыс беруші азамат бар, олардың 4 мыңы қоларба пайдаланады, 8171-інің көру, сондай-ақ, 4430 азаматтың есту қабілеті нашар. Олардың да дауыс беруіне қолайлы жағдайлар жасалған.
Облыста референдум жоғары деңгейде өтіп, дауыс беру жалғасып жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары.
