ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕУІНДЕ ШЕТ ҚАЛМАУ ҚАЖЕТ

Түркістан шекаралас болғандықтан көлік-логистикалық хаб қалыптастыруға қолайлы аймақ. Президент сол үшін темір жол желісін жүргізуді тапсырған. Мақтаарал, Шардара, Жетісай аудандарынан өнім жинап, экспортқа бет алған жүк көліктері Келес, Сарыағаш арқылы кедендік бақылаудан өтуге, Шымкент арқылы Түркістанға, одан әрі Қызылордаға кетуге мәжбүр. Тек жүк тасымалдаушылар емес, жалпы жолаушылар да шалғай аудандардан облыстың орталығына төтесінен тартатын теміржол мен авто магистраль салуды сұрайды.
Мақтаарал ауданы Атамекен кеден бекеті маңында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперациясы құрылмақшы. Орталыққа қажетті инфрақұрылым желілерін тарту жайы облыс әкімдігінде талқыға түсті. Мұнда іске асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Облыс әкімі жауапты мамандарды өңірдің өркендеуіне үлес қосатын істерден шет қалмауға және кешеуілдетпеуге шақырды.
Нұралхан Көшеров:
– Бұл – өңіріміз үшін аса маңызды жоба. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың экономикалық әлеуеті артып, кәсіпкерлік дами түседі. Сондықтан Мақтаарал ауданы әкімдігі мен жауапты басқармалар жұмысты жүйелі атқарулары тиіс. Тұрақты қадағаланады, жұмысты ширатыңыздар, – деді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасының инфрақұрылым жүргізу жолдары тыңдалды. Өзге басқарма басшыларының бастамаға қатысты есептері мен ұсыныстарын ортаға салды.
«Орта Азия» ХӨКО-ның іске асуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық ықпалдастықты арттыратын ірі платформаға айналады деп күтілуде.