780 СӘБИ ЖАТЫРДАН ТЫС ТУҒАН

Өңір тұрғындарының саны 2,2 млн адамнан асады. Оның 433 мыңнан астамы репродуктивті жастағы әйелдер болса, 18 жасқа дейінгі балалар – 900 мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 54 мыңдай нәресте өмірге келеді.

Ана мен баланың амандығы еліміздегі маңызды мәселенің бірі. Адами капитал мемлекет байлығы саналады. Демографиялық өсім тұрғысынан алда келе жатқан Түркістан облысында бұл мәселе күн тәртібінен түспеген.

 

Нұралхан Көшеров

Ана мен баланың денсаулығы – қоғамның әл-ауқаты мен болашағының айнасы, ұлттың келешегі мен тұрақты дамуының негізі. Біз бұл салада тек көрсеткіштермен емес, нақты нәтиже мен өмірлік маңызы бар шешімдермен жұмыс істеуіміз керек. Жүйелі бақылау, білікті кадр, қолжетімді диагностика және заманауи технологиялар – біздің басты құралымыз. Инфрақұрылым, кадр, технология – бәрі өзара үйлесімді жұмыс істеуі тиіс, – деді.

 

Демографиялық серпін денсаулық сақтау жүйесінен жоғары сапа мен тиімділікті талап етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев соңғы екі жылда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты түрде төмендегенін жеткізді. Бұл оң динамика профилактикалық скрининг, перинаталдық көмек және кадр дайындығы жүйесіндегі сапалы өзгерістердің нәтижесі деп атап өтті.

 

Ана мен бала өмірін сақтауда жүктілік кезінде ұрықтың даму патологияларын ерте анықтау керек. Перинаталдық скринингпен қамту 88%-ға жеткен. Жоғары көрсеткішке жету мақсатымен 47 УДЗ маманы оқытылып, оның 12-сі Ұлыбританиядағы Fetal Medicine Foundation (FMF) сертификатына ие болған. Осының нәтижесінде туа біткен даму ақауларының ерте диагностикасы 4%-ға артқан.

 

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аймақта нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Бедеулікпен күрес және экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтерінің қолжетімділігі артып, соңғы 4 жылда бағдарлама аясында 780 бала туған. Оның ішінде 84 егіз және 2 үшем тіркелген. Бағдарлама шеңберінде қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы тегін көрсетілуде.