ТҰРҒЫН ҮЙ ТАҚЫРЫБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Күн тәртібінде тұрғын үй саясаты мен қаланың 2025 жылғы бюджетінің орындалу мәселесі қаралды.
2020-2024 жылдары жастарға арналған бағдарлама бойынша 3849 жас азамат пәтер алған. Биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша бұған дейін берілген 890 пәтердің жалға алу мерзімі аяқталады. Бүгінде 582 пәтер коммуналды меншікке қайтарылған.. Қалған баспаналар бойынша сот рәсімдері жүргізілуде.
Ал, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында «Отбасы банкі» арқылы 497 азамат несиелік баспаналы болды. Жалға берілетін үй кезегінде 90 929 азамат тұр. Биыл 544 пәтерді тарату жоспарланған, дегенмен, өтініш берушілердің құжаттарындағы сәйкессіздіктер түзелгенше келісімшарт жасасу уақытша тоқтатылды.
Сондай-ақ мониторинг жүргізу барысында баспананы жалға алушылардың 65-і тәртіп бұзушылықтарды ескертулерден кейін жойғаны айтылды. Қарызды қайтару нәтижесінде бюджетке 1,22 млрд теңге қаржы түсті. Азаматтарды несиелік үймен қамтамасыз ету аясында Бозарық шағынауданында 444 пәтерден тұратын 12 үйге қоныстандыру жұмысы басталды.
Қала әкімі тұрғындарға арендалық және несиелік үй, қолдау бағдарламаларының шарттарын сақтау, пәтерлерді таратудағы ашықтық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, бюджеттің орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
