ЕҢБЕК АДАМДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкенттің дамуына елеулі үлес қосқан еңбеккерлерге құрмет көрсетілді. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жыл бойы жүзеге асырылған жобалар жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыруға және олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін дәріптеуге бағытталды. Ғабит Сыздықбеков атап өткендей, бұл бағыт Президенттің «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатына негізделген.
Ғабит Сыздықбеков:
«— Бүгін марапатталған әр азамат өз еңбегімен қаламыздың дамуына нақты үлес қосып отыр. Шымкент – еңбекқор адамдардың қаласы. Мегаполис әрдайым адал еңбектің нәтижесінде дамып келген және бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді», – деді.
Жиын барысында кәсіби шеберлігін танытқан, жұмысына жауапкершілікпен қарап, жас ұрпаққа үлгі бола білген бірқатар азамат алғыс хаттармен марапатталды. Қала әкімі жаңа жыл қарсаңында еңбек адамдарын құттықтап, әр отбасына мол бақыт, зор денсаулық пен молшылық тіледі.
