203 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР БЕРІЛДІ
Шымкентте жаңа жыл қарсаңында 203 отбасыға Бозарық шағынауданынан пәтер берілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа қоныс иелерін құттықтап, шаңырақтарына бейбітшілік пен молшылық тіледі.
Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банк» АҚ арқылы «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдік шарттарымен берілді. Қоныстанушылар арасында ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар.
Мегаполис басшысы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың маңызды бөлігі екенін және қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын айтты.
Бозарық шағынауданында мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында 444 пәтерлі 12 тұрғын үй кешені бой көтеріп келеді. Қалған пәтерлер тұрғындардың төлем қабілеттілігі сараланған соң беріледі.
