ЖАҢА БАСПАНАҒА ҚОНЫС АУДАРДЫ
Шымкентте Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы іске асырылуда. Мақсаты қалалық ортаны жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын реновация бағдарламасы бойынша жаңа, жайлы үйлерге көшіру.
Бағдарлама басталғалы 102 отбасы Шымкент сити және Тұран шағын ауданында салынған жаңа үйлерге көшірілді. Барлық пәтер толық әрленген, бұрынғы үйлеріндегі бөлме санына толық сәйкес келеді және қоныстануға дайын.
Нұрлыбаев көшесі, №13 үйде тұрған 8 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өз қолымен тапсырды.
Қала әкімі жаңа қоныс иелерін маңызды оқиғамен құттықтап, отбасыларына береке-бірлік тіледі. Сондай-ақ, ескі үйлерден азаматтарды көшіру қаланы дамытудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол ауданды жаңғыртуды жүйелі жүргізудің маңыздылығына тоқталып, бұл іс-шаралар барлық тұрғынға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Көксай шағынауданын жаңғырту – мегаполис инфрақұрылымын дамытуға, қалалық ортаны жақсартуға және тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
