ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелеріне арналған «Инвестициялық климат-дамудың басты құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Күн тәртібінде инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілер, прокуратура мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы талқыланды.

Нұралхан Көшеров:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында біз экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударып отырмыз. Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан сүйемелденіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде жедел қызмет көрсетілуде. Нәтижесінде 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге – жеке инвестициялар үлесінде. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар үш есеге артық орындалды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2026 жылы 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру арқылы 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі ашық инвестициялық ортаны қалыптастыру. Түркістан облысының әкімдігі бизнес-қауымдастықпен ашық диалог орнатуға әрқашан дайын. Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конституциялық реформа бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болмақ. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Бұл реформа ел тарапынан ерекше қолдау тауып отыр, – деді өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшерев 

 

Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республика көлемінде жетекші өңірлердің бірі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 745 млрд теңгені төңіректеді. Жылдық жоспар 1 трлн 427,1 млрд теңге болғанын ескерсек, көрсеткіш 121,6%-ға артығымен орындалды. Биылға инвестиция тарту индикаторы 1 трлн 720 млрд теңге көлемінде көзделген.

Өткен жылдың III тоқсанының қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, жылдық жоспар үш есеге жуық артық орындалды. 2026 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспары 499 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілген.

Сол сияқты былтыр жалпы құны 339 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 340 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2026 жылы жалпы сомасы 444 млрд теңгеге 66 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты түрде инвестициялық штаб отырыстары өткізіледі. Онда облыс әкімі әр инвестормен жеке тілдесіп, жобалардың қазіргі жағдайын және туындаған өзекті мәселелерін тыңдайды. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі облыс әкімінің жеке бақылауында.

Облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты инвестициялық штаб отырыстарын өткізеді, жеке кездесулер ұйымдастырады, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді және жобалардың іске асырылуын толық сүйемелдейді. Сонымен қатар «Инвест-Керуен» көшпелі кеңестері және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша семинарлар өткізілуде. Фронт-офис инвесторларға аналитикалық, консультациялық, көші-қон және әкімшілік қолдау көрсетеді.

Инвестициялық саясат Президент тапсырмасына сәйкес жүргізіліп, заң үстемдігі мен инвесторлардың құқықтарын қорғау арқылы өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура органдары «прокурорлық сүзгі» тетігін жүйелі түрде қолдануда.  Өткен жылы аталған тетік арқылы 41 заңсыз әкімшілік істі келісуден бас тартылып, 12 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылды.

Соңғы екі жылда мемлекеттік органдардың 300-ге жуық шешімі зерделеніп, нәтижесінде 62 әкімшілік іс қозғаудан және 21 тексеру тағайындаудан бас тартқан. Сонымен қатар 2024 жылдан бері прокуратура бастамасымен мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілген «Инвест-Караван» акциялары аясында 60 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, 150 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді, 42 инвесткейстің мәселесі шешімін тапты.

Кеңес қорытындысы бойынша инвесторларды қолдау қағидатын сақтай отырып, инвестициялық жобаларды дер кезінде орындау және инвестициялық ахуалды бұдан әрі жақсартуға басымдық беріле бермек.