ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ АТШАБАР АШЫЛАДЫ

Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар салынып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, нысанның сәулетіне қатысты ескертпелерін айтып, дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

 

Нұралхан Көшеров:

Бұл атшабар спорттық қана емес, өңірдегі туристік нысандардың біріне айналуға тиіс. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға толық жағдай жасалады. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын ширатыңыздар, – деп, талап етті.

 

Ипподромның құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС жүргізген. Электр, су, жылу, кәріз жүйелері жүргізілген. 1500 жанкүйер сиятын трибуна, 4 жабық және 2 жаздық қора мен манеждің құрылыс жұмыстары аяқталған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Көкпар алаңында тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылған. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалған.

 

Атшабардың ашылу салтанаты Ұлыстың Ұлы күніне орай өтеді. Наурыз мерекесінде спорттың 10-ға жуық түрінен халықаралық жарыстар өтеді. Көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия Кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, асық атудан Әлем кубогы және қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі өтеді. Сонымен қатар аламан бәйге мен «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылып, 1000 адам бір мезетте асық ойнайды.

 

Аймақ басшысы атшабарды аралаған соң, Түркістандағы өзге де құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы атқару жүктелді. Өңірдегі құрылыс жұмыстары – тұрақты бақылауда.