ШАРДАРА ТҰРҒЫНДАРЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Оның ішінде Түркістан облысы Шардара ауданын сумен қамту бағытындағы ауқымды жоба туралы да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни, қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі, – деді.

 

Шардара ауданын сумен қамтуға бағытталған жобаның құрылысы жүріп жатыр. 17 млрд теңгелік су жүйесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қадағалауында.

 

Жоба бойынша аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орны, яғни, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Тама-Тастанбек учаскелерінде құрылыс жалғасуда. Мердігер – «Алтын констракшн» ЖШС. Топтық су құбырының ұзындығы – 39,28 шақырым, ал, оның қуаттылығы тәулігіне 12 000 текше метрді құрайды. Сондай-ақ,  жобада І-ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы және 40 шақырым электр желісі салынады.

 

Мұнда 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнына қайта барлау жүргізіліп, жер асты су қоры анықталды. Жоба іске асқанда Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан 22 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі.