20 МЛН ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРҒАН КҮДІКТІ СОТТАЛДЫ

Түркістан облысы Арыс қаласының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласына тексеру жүргізген. Нәтижесінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі анықталды.

 

«Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара мал мен селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде жалған мәлімет енгізумен айналысқан.

 

Соған сәйкес мемлекеттен кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаражаты аударылған.

 

Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңгені құраған.

 

Сот үкімімен «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Заңсыз алынған ақшалай қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімет етті.