МӘДЕНИЕТТІ ҚОЛДАЙДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен кездесіп, өнер мен мәдениетті дамыту мәселелері сөз етті.

 

Нұралхан Көшеров:

Бүгін өздеріңізбен Амал күні жолығып отырмыз. Жаңа жыл құтты болып, еліміз дами берсін. Димаш бауырымыздың «Көкжиектен асқан үн» халықаралық тележобасы арқылы Түркістанның туристік орындары шетелге таныстырылды. Бұл облысқа келетін туристер санын арттырады деп сенеміз. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, өнер, мәдениет саласында сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Түркістан – түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болғандықтан, біз бұл бағытқа да баса мән беріп, қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді.

 

Өз кезегінде Қанат Айтбаев Түркістандағы оң өзгерістерді атап өтті.

 

Қанат Айтбаев:

– Түркістан өңірі өнерпаздарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осы игі істерге ұйықты болған сіздерге алғысымды айтамын. Қасиетті шаһар жыл сайын жаңарып, түлеп жатыр. Әсіресе қаланың тазалығы таңғалдырмай қоймайды. Тарихи қаланың танымалдылығын арттыру, имиджін қалыптастырып, өнері мен мәдениетін дамыту, туристік әлеуетін көтеруге үлес қосу – әрбіріміздің міндетіміз, – деді.

 

Светлана Айтбаева мәдениетті, балалар шығармашылығын дамыту жөнінде өз ойын ортаға салды.  Түркістан қалалық музыкалық драма театры жанынан құрылған «Түркістан» ансамблінің әлеуетіне тәнті екенін жасырмады.

 

Тараптар аймақтың мәдени әлеуетін көтеру, ұлттық өнерді дәріптеу және мәдениет саласындағы жобаларды дамыту, жас таланттар мен шығармашылық ұжымдар жұмысын қолдау және мәдени іс-шараларды кеңінен ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту, тарихи-мәдени мұраны насихаттау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.