ТЫҢ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрін қабылдады. Саясат Нұрбек министрлік қызметінің басым бағыттары мен ғылым және жоғары білім салаларындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру барысын баяндады.

Сондай-ақ, жаңа Конституцияның білім және ғылым салаларындағы әлеуеті, адам капиталын дамытатын экожүйе құру шаралары мен таланттарды үздіксіз қолдау тетіктері, еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға сұраныс болжамын ұсынды.

Сол сияқты жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту шараларына, соның ішінде «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделін енгізу, AI-Sana ұлттық қозғалысын ілгерілету және AI-Enabled University индустрия университетін іске қосу, білім беру мен өндіріс үдерісіне жасанды интеллектіні пайдалану,  инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтары сияқты ғылыми-өндірістік аймақтарды құру жоспарымен бөлісті. DeepTech пен күрделі өндірістерді дамыту моделіне көшу жүйелі түрде қолға алынып, технологиялық міндеттер мен келешегі зор бағыттарды анықтап жатқанын айтты.  Аталған механизм аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі, өнеркәсіп үлгілері жасалып, өндіріс іске қосылады. Ғылыми саясатты жетілдіруді көздейтін реформалар жалғасып жатыр. Министрлік ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, гранттар мен сыйлықтар беруге, ғылыми тағылымдамаға жіберуге, сондай-ақ жас ғалымдарды баспанамен қамтуға ерекше мән береді.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, инфрақұрылым мен шетелдік университет филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.