170 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Мақтаарал ауданында Атакент кентінде 170 орындық жаңа аудандық аурухана ғимаратының құрылысы жоспарлануда.

Жаңа медициналық нысан аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын көтереді.

Осы жоба аясында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков нысанды жобалаушы мекеменің өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар құрылыс жұмыстарының алдағы кезеңдерін, жобаның техникалық ерекшеліктерін және іске асыру мерзімдерін кеңінен талқылады.

Жұмыс тобы аурухана салынатын жер телімін көзбен көрді. Жергілікті жердің инфрақұрылымы, инженерлік желілерге қосылу мүмкіндіктері, көлік қатынасы ескерілді. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне сеп болады.

Жаңа аудандық аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталады. Жоба іске асқан жағдайда Мақтаарал ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті айтарлықтай артып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Аудан басшылығы бұл жобаны өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі ретінде қарастырып отыр. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп күтілуде.