КЛУБ ЖАҢА ИНВЕСТОРДА

Түркістанда футболдан бірінші лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасуда. «Түркістан Арена» стадионында «Тұран» клубы «Оңтүстік Академия» командасымен ойнады. Стадионда жанкүйерлер қатары қалың болды. Кездесуге Түркістан облысының әкімі арнайы қатысты.

 

Нұралхан Көшеров: 

Баршаңызды Түркістан төрінде «Тұран» футбол клубының кезекті ойынында көргеніме қуаныштымын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жергілікті футбол клубтарын жекешелендіру және оларды бәсекелестік ортаға беру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы маңызды бастаманы қолдап, өңіріміздің басты командасын одан әрі дамытуды қолға алып отырған «Ordabasy Group» компаниясына және Дінмұхаммед Аппазұлына шынайы алғысымды білдіремін! Біздің басты мақсатымыз – өңір намысын абыроймен қорғайтын, халықаралық деңгейде өнер көрсететін және бәсекеге қабілетті команданы қалыптастыру. «Тұран» клубы – өңір намысын қорғап қана қоймай, болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелейтін үлкен клуб болады деп сенім білдіремін, – деді.

 

Клубтың жаңа инвесторы Дінмұхаммед Ыдырысов облыс әкіміне «Тұран» футбол клубының оныншы нөмірлі жейдесін тарту етті.

Дінмұхаммед Ыдырысов:

Біздің мақсатымыз – тұрақты әрі бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру. Негізгі басымдықтарымыз – команданы премьер-лигаға қайтару, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, әйелдер футболын қолдау және клуб инфрақұрылымын жаңғырту, – деді.

 

Ойын өте тартысты өтті. Екі команда да алаңда барын салып, жиі шабуыл ұйымдастырып, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады. Қақпа маңындағы қауіпті сәттер кездесудің соңына дейін интриганы сақтап тұрды. Алаң иелері ойын тізгінін қолға алып, шабуылдаумен болды. Бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Есесіне, қарымта шабуылда өткірлік танытқан қонақтар 2:1 есебімен жеңіп кетті.

 

Матч барысында арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, жанкүйерлер үшін интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Көрермендер арасында PlayStation және iPhone секілді бағалы сыйлықтар ойнатылды. Жанкүйерлер стадионды мерекеге бөлеп, футболшыларға қолдау білдірді.

 

Қазіргі таңда «Тұран» футбол клубы құрамында елеулі өзгерістер орын алған. Команда сапалы әрі тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, бәсекеге қабілетті ұжым жасақталуда.

Команданың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Виктор Кумыков тағайындалды. Оның қазақстандық футболдағы тәжірибесі клубтың турнирлік мақсаттарына жетуінде маңызды рөл атқарады деп күтіліп отыр.

 

Клуб жаңа инвестор — Ordabasy Group холдингінің басқаруына өтті. Жаңа инвестор ұзақ мерзімді даму моделіне басымдық беріп, инфрақұрылымды жаңғырту мен жастар футболын дамытуға ерекше назар аударуда. Сарапшылардың пікірінше, жеке инвестициялардың тартылуы клубтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Келесі матч 8 сәуірде Түркістанда өтеді. «Тұран» футбол клубы ел кубогы бәсекесінде өз алаңында «Елімай» командасымен қарымта ойнайды.