АШЫҒЫН АЙТТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының талап-тілектеріне құлақ түрді. Кездесу барысында халық жер қатынастары, баспана сапасы және кәсіп бастауға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді ашық жеткізді.

Әсіресе, Түркістан қаласындағы Жаңа қала аумағында бой көтерген 20 қабатты тұрғын үйдің сапасына байланысты шағымдар айтылды. Тұрғындар құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, кемшіліктерді жедел жоюды талап етті. Сонымен қатар, қала тұрғынының бірі кәсіпкерлік бастама үшін жер телімін алу мәселесін көтерді. Ал, Төлеби ауданындағы демалыс орындарында жер пайдалану және заңсыз құрылысқа қатысты жағдайлар да назардан тыс қалмады.

Аймақ басшысы әрбір көтерілген мәселені жеке қарап, олардың өзектілігіне ерекше тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі басымдықтардың бірі. Әрбір өтініш бақылауда болады. Тұрғын үйлердің сапасына қатысты мердігерлердің жұмысы жіті қадағаланады. Демалыс аймақтарындағы заңсыз құрылыс деректері тексеріліп, заң аясында тиісті шешімдер қабылданады. Кәсіп ашуға ниетті азаматтардың жобалары да қараусыз қалмайды», – деді.

Қабылдау нәтижесінде жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны айтылды.