ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫП, КӘСІПОРЫН АШЫП ЖАТЫР
Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өңірде нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы ретте Түркістан облысы республика бойынша инвестиция көлемін ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу және өндіріс орындарын іске қосу көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысын бақылады. Іссапар барысында бірқатар өндірістік нысандар араланып, олардың құрылыс кезеңдері мен өндірістік қуаттылығы сараланды. Сонымен қатар инвесторлармен кездесулер өткізіліп, жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, «Central Asia Aluminum Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий профильдерін шығаратын зауытының жұмысы зерделенді. Аталған кәсіпорын құрылыс индустриясына қажетті сапалы алюминий өнімдерін өндіруге бағытталған және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясының ірі қара мал сүйегін терең өңдеуге арналған өндіріс орнының құрылыс барысы қаралды. Бұл жоба қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделіп, шикізатты толықтай қайта өңдеу арқылы жоғары қосылған құнды биологиялық өнімдер шығаруды көздейді.
Бұдан бөлек, «KAZ KIOTI» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты таныстырылды. Кәсіпорында тракторлар жинақталып қана қоймай, су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған жаңбырлатып суару жүйелері де өндірілуде. Сонымен бірге мұнда жоғары температура мен қысым жағдайында шыны өңдеу, сондай-ақ құрылыс және аграрлық секторға қажетті түрлі өнімдерді шығаратын өндірістік желілер іске қосылған.
Темірлан өндірістік аймағында да инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде. Мұнда бірқатар ірі жобалар қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «ASIA ENERGY Co» ЖШС күн панельдеріне қажетті компоненттер өндіруді қолға алса, «FAÇADE COMPANY» ЖШС шыны өнімдерін шығару бағытында жұмыс жүргізуде. «ALMEN GROUP» ЖШС тұрмыстық химия өнімдерін, оның ішінде кір жуғыш ұнтақ өндіруді жоспарласа, «Қарабатыр Агро» ЖШС металл бұйымдарын шығаруға басымдық беруде. Сонымен қатар «Югстройтехнология» ЖШС газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру жобасын жүзеге асыруда. «Alem Euro PIR» ЖШС заманауи сендвич панельдерін (PIR) шығаруды жолға қойса, «Steel Frame» ЖШС металл конструкциялар өндірісін дамытып келеді. Ал «Bolashak-bal» ЖШС корпус жиһаздарын шығару арқылы өңірдегі жиһаз өндірісінің әлеуетін арттыруда.
Аудан аумағында кәсіпкерлікті дамыту бағытында да нақты жобалар жүзеге асырылуда. Жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Смайыл» бастамасымен тамақтану орны, автосервис және көлік тұрағы бар кешен іске қосылуда. Сонымен қатар «M Trade–19» ЖШС-ның жол бойы сервис орталығы, кәсіпкер Ә. Әлімбековтің мейрамхана жобасы және «Темірші» демалыс аймағы халық игілігіне ұсынылуда.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары аталған инвестициялық жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Ол жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асыру, сондай-ақ инвесторларға қолайлы жағдай жасау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, инфрақұрылым мәселелерін дер кезінде шешу және жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарда болуы керектігі айтылды.
Жалпы, Ордабасы ауданында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауданның ғана емес, тұтастай Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыра түседі.
