ҚАУІПСІЗ ӨМІР СҮРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУДА
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» акциясы өткізілді. Аталған бастама өңірдегі экологиялық мәдениетті арттыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралардың бірі болып табылады.
Ауқымды сенбілік жұмыстарына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жекеменшік ұйым өкілдері, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан шара барысында өңірдің тазалығы мен абаттандырылуына ерекше мән берілді. Бұл тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығы мен ортақ іске деген жауапкершілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Іс-шара барысында аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, орталық саябақтар мен демалыс аймақтары, скверлер, гүлзарлар, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы тазартылды. Бұдан бөлек, елді мекендердегі орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолдары, арық-атыз жүйелері мен қоғамдық орындар қоқыстардан аршылып, ретке келтірілді.
Экологиялық акция шеңберінде көгалдандыру жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Табиғи ортаны жақсарту және жасыл желектердің санын арттыру мақсатында 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл өз кезегінде ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, ауа сапасын арттыруға және болашақта жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде жалпы көлемі 1000 гектарға жуық аумақ тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі шамамен 20 тоннаға жетті.
Мұндай ауқымды шаралар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Тазалық сақтау – тек эстетикалық талап қана емес, сонымен қатар халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қоршаған ортаның ластануы түрлі жұқпалы аурулардың таралуына, ауа сапасының төмендеуіне және экожүйенің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал тұрақты түрде жүргізілетін сенбіліктер мен тазалық жұмыстары осы қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жасыл желектерді көбейту климаттың өзгеруіне септігі тиеді. Себебі ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп ауаны тазартып тұрады. Топырақтың эрозияға ұшырауының алдын алады әрі микроклиматты реттеуге әсер етеді. Ал, мұндай экологиялық акциялар тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырылып отырған маңызды бастама болып табылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Жасыл болашақ» акциясы бір реттік шарамен шектелмей, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Бұл өз кезегінде өңірдегі экологиялық жағдайды тұрақты түрде жақсартуға және тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырады.
Мақтаарал ауданы тұрғындарының белсенді қатысуы мен ұйымшылдығы ауданның тазалығы мен көркейту жұмыстарына деген жоғары жауапкершілікті айқын көрсетті. Осындай бастамалар арқылы өңірдің санитарлық жағдайы жақсарып қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз өмір сүруге қолайлы болады.
