ҚАЗАҚСТАН МЕН ЧЕХИЯ ҚАТЫНАСЫ ЖАҢАША СИПАТ АЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш арасында Ақордада өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер өзара сенім мен стратегиялық серіктестікті нығайтудың жаңа кезеңін айқындады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Чехия арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың берік екенін атап өтіп, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елдер арасындағы өзара құрмет пен халықаралық ұйымдар аясындағы үйлесімді іс-қимыл ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз қалайды. Осы ретте ол чех кәсіпкерлерінен құралған ірі делегацияның сапары мен Астанада өткен бизнес-форум нәтижелері нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Андрей Бабиш Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы зор мемлекет ретінде атап, елдің саяси және экономикалық жетістіктеріне жоғары баға берді. Ол энергетика, атом өнеркәсібі және цифрлық технологиялар салаларындағы Қазақстанның әлеуетіне ерекше тоқталып, бұл бағыттардағы серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын нақтылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергетикасы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластыққа қол жеткізілді. Чех тарапы Қазақстаннан ұзақ мерзімді мұнай жеткізуге қызығушылық танытып, атом энергетикасы саласындағы әріптестікті күшейтуге дайын екенін растады.

Сонымен қатар, келіссөздер нәтижесінде мынадай нақты бастамалар мен жобалар қолдау тапты:

– энергетика саласында, соның ішінде атом электр станциялары бойынша бірлескен жобаларды дамыту;

– мұнай жеткізу және энергетикалық қауіпсіздік бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық;

– чех өнеркәсіптік компанияларының қатысуымен өндірістік жобаларды іске асыру;

– көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша серіктестік;

– цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы технологиялық ынтымақтастық;

– ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында тәжірибе алмасу және бірлескен бастамалар;

– биоалуантүрлілікті сақтау аясында Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жобасын жалғастыру;

– визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастыру.

Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді нақты іске асыру үшін бірлескен жобалар тізбесін әзірлеуге келісті.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия Премьер-министрін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, оның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде Андрей Бабиш бұл марапатты Қазақстан мен Чехия арасындағы берік достықтың символы ретінде қабылдап, алдағы уақытта да ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.