ҚАЗАҚСТАН МЕН ЖАПОНИЯ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ҚҰРМЕТ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Ясутоши Нишимура қабылдап, екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы мейманды жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның парламентаралық байланыстарды дамытудағы рөлі айрықша екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен ортақ құндылықтарға негізделген және жыл сайын жаңа мазмұнмен толығып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияны Азиядағы негізгі әрі сенімді серіктес ретінде айқындап, бұл елдің жоғары технологиялар, инновация, өнеркәсіп және тұрақты даму салаларындағы озық жетістіктеріне ерекше тоқталды. Президент Жапонияның ғылым мен білім, цифрландыру, экология және өнеркәсіптік жаңғырту бағыттарындағы табысты тәжірибесі Қазақстан үшін үлгі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы өзінің Токиоға жасаған ресми сапары қазақ-жапон қатынастарын сапалық жаңа деңгейге көтергенін жеткізді. Аталған сапар аясында екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын ауқымды келісімдерге қол жеткізілгені, сондай-ақ жалпы құны миллиардтаған долларды құрайтын ондаған коммерциялық құжаттарға қол қойылғаны атап өтілді. Бұл уағдаластықтар Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара тиімді әріптестіктің нақты көрінісі ретінде бағаланды.
Президент сондай-ақ «Орталық Азия – Жапония» диалогының маңыздылығына тоқталып, оның аймақаралық ынтымақтастықты тереңдетудегі тиімді алаңға айналғанын атап өтті. Алдағы саммиттің Астанада өтуі екіжақты ғана емес, өңіраралық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін беретініне сенім білдірілді.
Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстар да кеңінен сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстанда жапон мәдениетіне, соның ішінде сумо және дзюдо сияқты дәстүрлі спорт түрлеріне қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Бұл халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығая түскенінің айқын дәлелі екені айтылды.
Өз кезегінде Ясутоши Нишимура Жапония Парламенті Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беретінін жеткізіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады. Сондай-ақ ол Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи атынан жолданған арнайы хатты табыс етті.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ясутоши Нишимураны Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты, парламентаралық байланыстарды және стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Бұл кездесу Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара құрметке, сенімге және ортақ даму мақсаттарына негізделген серіктестіктің берік әрі болашағы зор екенін тағы бір мәрте айқындады.
