САЯБАҚ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – Сайрам ауданына қарасты Ақсу ауылындағы Орталық саябақтың жаңғыртылуы. Аталған демалыс орны толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай ойын-сауық кешені ретінде ел игілігіне ұсынылды. Нысанның ашылуы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына мерекелік ерекше атмосфера сыйлады.

Жаңартылған саябақ аумағында қазіргі заманға сай инфрақұрылым қалыптастырылған. Атап айтқанда, орталық алаңда көрікті субұрқақ орнатылып, оның маңы абаттандырылып, жасыл желектермен көмкерілген. Демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион іске қосылып, балалар мен ересектердің қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, келушілерге арналған фуд-корт аймақтары мен тынығу орындары қарастырылған. Жоба жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, жалпы көлемі шамамен 675 миллион теңге инвестиция тартылған.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров этнос өкілдері ұйымдастырған көрмені тамашалап, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен тұрақтылықтың айқын белгісі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда Сайрам ауданында 243 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Олардың қатарында 39 түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт әрі ынтымақты тіршілік етуде. Бұл көрсеткіш – еліміздегі қоғамдық келісім мен бірліктің нақты дәлелі.

Жаңадан ашылған ойын-сауық паркі Сайрам ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.